Adana Adıyaman Afyon Ağrı Aksaray Amasya Ankara Antalya Ardahan Artvin Aydın Balıkesir Bartın Batman Bayburt Bilecik Bingöl Bitlis Bolu Burdur Bursa Çanakkale Çankırı Çorum Denizli Diyarbakır Düzce Edirne Elazığ Erzincan Erzurum Eskişehir Gaziantep Giresun Gümüşhane Hakkari Hatay Iğdır Isparta İstanbul İzmir K.Maraş Karabük Karaman Kars Kastamonu Kayseri Kırıkkale Kırklareli Kırşehir Kilis Kocaeli Konya Kütahya Malatya Manisa Mardin Mersin Muğla Muş Nevşehir Niğde Ordu Osmaniye Rize Sakarya Samsun Siirt Sinop Sivas Şanlıurfa Şırnak Tekirdağ Tokat Trabzon Tunceli Uşak Van Yalova Yozgat Zonguldak
Trabzon °C

Мемлекет басшысы Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті
REKLAM ALANI
06.10.2022
A+
A-

 

 

 

 

Жаңалықтар

Жұмыс сапарлары

Мемлекет басшысы Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті

2022 жылғы 05 қазан

Президенттің Павлодар облысына жұмыс сапары өңір жұртшылығымен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Павлодар облысы Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі Ертіс бойына өзінің ықыласы ерекше екенін айтты.

– Павлодар облысында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Жалпы, облыстың дамуы тұрақты. Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келеді. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді. Еліміз қазір жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басты. Біз алға қойып отырған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға Павлодар облысы зор үлес қосады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент өңірдің басты басымдықтарына назар аударды.

Бірінші, аймақтың индустриялық-инновациялық әлеуетін нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттердің қарқынды дамуы және тұрақты индустриялық өсім электр энергиясы жеткілікті көлемде болған жағдайда ғана мүмкін екенін айтты. Сондықтан Ертіс бойындағы Павлодар Қазақстанның экономикалық дамуында ерекше рөл атқарады. Оның айтуынша, электр энергиясы мұнда жаңа жоғары технологиялық бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.

– Бүгінде халықаралық компаниялар өздерінің филиалдарын Қазақстанға көптеп көшіре бастады. Бұл кәсіпорындар ауқымды ақпарат көздерімен жұмыс істейді және оларды сақтау және өңдеу үшін айтарлықтай күш керек. Осыған байланысты Цифрлық даму министрлігіне жыл соңына дейін Екібастұзда деректерді өңдеудің жаңа орталығын салу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент облыстың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтумен қатар шағын және орта бизнеске кешенді қолдау көрсету қажет деп санайды. Оның пікірінше, өңір кәсіпкерлері республикалық және тіпті әлемдік деңгейде сұранысқа ие жобаларды жүзеге асыра алады.

Мемлекет басшысы экология мәселелерін шешуді Павлодар облысындағы екінші басым міндет ретінде атады. Сондай-ақ өнеркәсіптің дамуы экологияға үлкен салмақ түсіретінін айтты. Бүгінде елде шығарылатын қалдықтардың үштен бірі осы облысқа тиесілі. Бұл жыл сайын шамамен 700 мың тоннаны құрайды.

– Күнделікті жұмысы бүкіл еліміздің индустриялық өсіміне арналған аймақ тұрғындарын туған өлкесіндегі қоршаған ортаның жай-күйі қатты алаңдатады. Экологиялық жағдай – азаматтардың тұрмыс сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік әлеуетті күшейту мен экологияны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұстанымын жариялады. Қазір осы маңызды міндетті шешуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді стратегия әзірленіп жатыр. Қоршаған ортаға келтірілетін залалды едәуір төмендететін жаңа тәсілдер мен модельдерді өндіріске дәйекті түрде енгізу маңызды. Өңірдің төрт кәсіпорны озық технологияларды пайдалану үшін кешенді экологиялық рұқсат алды. Бұл шығарылатын қалдықтарды 2030 жылға қарай 47 мың тоннаға төмендетеді деп болжанып отыр. Үкімет пен облыс әкімдігі қалған кәсіпорындардың осындай рұқсат алуын жеделдетуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өнеркәсіптердің шығаратын қалдықтарын қайта өңдеу ісін дамытуды тапсырды. Осы ретте күл үйінділері әлі де жергілікті тұрғындар үшін заңсыз пайда табудың көзі болып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Үкіметке өңірді газбен қамту жолдарын әзірлеу тапсырылды.

Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындарды алаңдатын тағы бір мәселеге назар аударды.

– Жыл сайын Ертіс бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары шыбын-шіркейлердің қаптап кетуінен зардап шегеді. Жәндіктерді улау үшін мол қаржы бөлінеді. Бірақ бұл жұмыстың нәтижелері, әсіресе аудандарда байқалмайды. Егер бұрынғы әдістер тиімсіз болса, онда оның жаңа жолдарын іздеу керек. Мәселені көктемге қалдырып, содан кейін бәрін табиғат жағдайына байланысты деп жаба салуға болмайды. Мамандарды қазір тарта отырып, маңызды халықаралық тәжірибені зерттеген жөн. Шыбын-шіркейлерге қарсы күресте ғылыми әдіс керек және ең бастысы, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылау қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Павлодардағы экологиялық қозғалыс мүшелерінің жағдайға немқұрайлы қарамайтынын және ерекше белсенді екенін атап өтті. Сондай-ақ Павлодар мен Екібастұз жастарының жақында «EcoStudentKZ» республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазалағанынан хабардар екенін айтты.

– Бұл тұрғыда мен Қазақстандағы көптеген волонтерлардың еңбегін атап өткім келеді. Өздеріңізге мәлім, мен 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияладым. Бұл шешім өзін ақтады. Халықаралық ұйымның қызметкері ретінде мен волонтерлық қозғалыспен жаһандық ауқымда айналыстым. Ал Қазақстанда волонтерлық жастардың ынта-жігеріне ғана негізделген маңызды күш деп есептеймін. Біздің жастарымыздың бұл жасампаз күшін, әрине, еліміздің игілігі үшін, халқымыздың игілігі үшін, атап айтқанда, табиғатымызды таза ұстап, қорғау үшін пайдалану керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент облыстағы суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайтып, 300 мың гектарға дейін жеткізу керек деп санайды. Сондай-ақ Ертістің суын тиімді, үнемді пайдаланған жөн екенін жеткізді.

Тағы бір маңызды мәселе – өңірдің инфрақұрылымын дамыту. Президент Үкіметке облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салуды тапсырды. Сонымен қатар жолды күтіп ұстауға және қыс мезгілінде жолдарды тазалау жұмыстарына баса назар аудару қажет екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы Астана – Ерейментау – Шідерті» бағытында қар тазалайтын техникаларды көбейту маңызды екенін атап өтті. Үкіметке жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру және жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтау тапсырылды.

– Жалпы, өңірдің инфрақұрылымы едәуір инвестиция салуды қажет етеді. Мысалы, облыс орталығындағы жылу желісінің 80 пайызы тозған. Соның кесірінен тұрғындар қыстың көзі қырауда қайта-қайта жылусыз қалады. Екібастұздағы Жылу электр орталығының жағдайы сын көтермейді. Қаланың жылу желісі әбден ескірген. Еліміздегі барлық электр қуатының төрттен бірін Екібастұз өндіреді. Соған қарамастан қыс келген сайын қалаға жылусыз қалу қатері төнеді. Бұл – еш қисынға келмейтін жағдай. Павлодардағы бірінші Жылу электр орталығы мен Екібастұздағы Жылу электр орталығын кезең-кезеңімен жаңғырту керек. Үкіметке акционерлермен бірлесіп, бұл мәселеге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Әкімдік инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын ұсынып отыр. Үкімет оны қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыруы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Үкіметке Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген жобаларға басымдық бере отырып, қаржыландыру тапсырылды. Президент Павлодардың трамвай жүйесін дамытуды жалғастыру, пойыздарды жаңарту жұмыстарын жеделдету және облыс орталығында көпфункционалды мұз сарайын салу мәселесін пысықтау маңызды деп есептейді.

Келесі бір басымдық – креативті индустрия мен туризмді дамыту. Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздің қуаты адамдардың қайратына, біліміне және патриоттығына байланысты. Сондықтан адамға бағдарланған қызмет мемлекеттік саясатымыздың негізгі өлшеміне айналды.

– Ұлттық мәдениетті шетелде насихаттауға және жаңғыртуға Павлодар облысынан шыққан қазақстандық жаңа «мәдени толқын» өкілдері елеулі үлес қосып келеді. Классикалық өнерді бағалай білетіндер Еуропаның үздік опера сахналарында ариялар орындайтын Мария Мудряктың дауысын беріле тыңдап жүр. «Грэмми» сыйлығының иегері Иманбек Зейкеновтің танымал музыкасына дүниежүзі жастары таңдай қақты. Осындай дарынды жастарымыз мәдениетіміздің шетелдегі елшісіне айналды. Наум Григорьевич Шафер секілді туған өлкесінің, елінің нағыз патриоттары да ұлттың рухани баюына үлес қосып отыр. Ол – әлемнің әр бұрышынан (27 мың дана) музыкалық күйтабақтардың құнды жазбаларын жинаған облыстың құрметті азаматы, қадірлі ақсақалы. Оның жинақтарында қазақтың халық әуендерінің алғашқы жазбаларымен қатар жалғыз дана үлгілері де бар. Мұндай адамдар қоғамымызға, әсіресе, жастарға үлгі болуы керек. Қазіргі әлемде шығармашылық индустрия, мәдени-танымдық туризм көптеген елдің экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігіне айналған. Бұл бағытта облыстың әлеуеті зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңір тұрғындарын жаңа технологиялық дамуға дайын болуға шақырды. Президенттің айтуынша, бұл үдерістегі ең тиімді жол жұмысшыларды жаңа дағдыларға үйрету болмақ. Осы өңірдің Мұса Шорманов пен Мәшһүр Жүсіп Көпеев секілді біртуар перзенттерін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін дамыту туралы ойын айтты.

– Біз Жаңа Әділетті Қазақстанды құрамыз. Ал бұл мақсатқа елімізде білім культі біржола орныққан кезде ғана жетеміз. Сол себепті мен ел-жұртпен кездесудің бәрінде бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жалпы, ғылым және білім саласы әрдайым мемлекеттің назарында. Біз барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Осыған байланысты Мен Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды ұсындым. Бұл бастаманың аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Құрылысты сапалы салып, уақтылы тапсыру – басты міндет. Білім алып, ғылым игерген жұрттың мерейі үстем болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі мамандықты меңгеріп, уақыт талабына бейімделудің айрықша маңызды екенін атап өтті. Бұл елдің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Сонымен қатар жастардың үнемі білімін жетілдіріп, өз елінде ғана емес, әлемнің әр бұрышында сұранысқа ие болуға ұмтылуы қажет екенін айтты.

Бұдан кейін Президент еліміздегі сайлауалды науқанға тоқталды.

– Өздеріңізге мәлім, мен еліміздегі ең ірі AMANAT партиясының Төрағасы қызметінен бас тарттым. Конституциялық реформа нәтижесінде Президентке өзінің өкілеттігін атқару кезінде партия қатарында болуға тыйым салынды. Алдағы сайлауға қандай ұйымның атынан қатысатыныма қоғам қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан өздерінің атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Әсіресе, жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың бастама көтеріп жатқанына қуандым. Осының барлығы азаматтардың кейінгі үш жарым жылда жүзеге асырылып келген реформалар мен өзгерістерге қолдаудың айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бірақ жасаған ұсынысы мен сенімі үшін, стратегиялық бағытыма белсенді қолдау көрсеткені үшін барлығына алғыс айтамын. Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің ірі коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялармен, бірлестіктермен тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сайлау науқанын заңнамаларды қатаң сақтай отырып жүргізуді қамтамасыз ету маңызды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ретінде президент сайлауының әділ әрі ашық өтетініне кепілдік берді.

Кездесу соңында Президент Павлодар облысының тұрғындарына мемлекеттік наградалар табыс етті.

«Қаныш Сәтпаев атындағы Канал» РМК директорының кеңесшісі Леонид Баталов «Парасат» орденімен, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы – оқытушы Азамат Мақажанов, Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының перинаталдық орталығының бас дәрігері Айман Оспанова «Құрмет» орденімен және «Қазақстан алюминийі» АҚ учаскесінің бастығы Еркебұлан Хұсайынов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Сондай-ақ «Қазақстан» РТРК меншікті тілшісі Болат Аманбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді.

 

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-pavlodar-oblysynyn-zhurtshylygymen-kezdesti-59412

 

 

REKLAM ALANI